Бүгін Елордада ҚР-ның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың төрағалығымен «Білімді жас – зиялы азамат» республикалық форумы өтті. Форумға А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нен Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректордың м.а. Нұрлан Мамиев, Жастар ісі жөніндегі комитетінің басшысы Нұрмұхан Мұқашев және университеттің Студенттік парламентінің президенті Аружан Сәрсенбаева қатысты.
Форумда ЖОО-да оқитын жастар арасында пайдалы құндылықтарды қалыптастыру және негізгі тетіктерді анықтау мәселелері талқыланды. Қатысушылар жастарды белсенді қоғамдық жұмысқа дайындау жолдарымен бөлісті. Министр пікірсайыс, КВН және Жайдарман клубтарын дамыту мен қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Министрдің айтуынша, мұндай үйірмелер жай ғана интеллектуалды және актерлік ойындар емес, сыни және аналитикалық ойлау, ақпаратты талдау, көпшілік алдында танылу, өзін көрсете білу, өз ойын шығармашылықпен анық және нақты жеткізе білу дағдыларын қалыптастыратын білім беру технологиялары.
Қостанай өңірлік университеті де студенттердің дамуына, қосымша құзіреттіліктерінің қалыптасуына, бәсекеге қабілетті болуына барынша мүмкіндік туғызуға ұмтылады.
Университетте «Ахмет ұрпақтары» және «Парасат» пікірсайыс клубтары жұмыс істейді, сонымен қатар КВН, «Жайдарман» лигалары бар. Жан-жақты қолдау тапқан жастардың ауыз толтырып айтарлық жеңістері жетерлік, алар асулары одан көп деп сенеміз!