Ұлт ұстазы, ағартушы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Қостанай қаласының №28 мектеп-гимназиясының оқушылары А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-де қонақта болды. Алдымен оқушылар А.Байтұрсынов мұражайына экскурсияға барды. Мұражайдың меңгерушісі, университетіміздің профессоры Қалқаман Жақып А.Байтұрсыновтың өмір жолымен, мұражайға қойылған жәдігерлердің тарихымен таныстырды.
№28 мектеп-гимназиясының 9,10,11-сынып оқушылары «Ахметтану» сабағына қатысып, ҚӨУ-нің студенттерімен кездесті, ұлт ұстазына қатысты тың деректерді талқылады. Сонымен қатар университет қонақтарының назарына Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналып әзірленген «Ахмет әлемі» порталы ұсынылды. Порталда Ахаң туралы фильмер, қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылығы жайлы ақпарат жинақталған.
Аталмыш мектептің 4-сынып оқушысы Ерәлі Жетпісбай «Ахмет ауылына саяхат» ғылыми жобасымен таныстырды. Ол Ахмет ауылына жақын тұратын ата-әжесіне жазғы демалыста қыдырып барып, ұлы ағартушы жайлы эссе жазды. Мақаласы «Қазақстан Республикасының 100 үздік оқушылары» атты республикалық журналға шыққан. Ерәлі осы ғылыми жобасы үшін «Қазақстан Республикасының дарынды оқушысы» төсбелгісімен марапатталды.
Осы мектептің 11-сынып оқушысы Гаухар Сағидолла Ахмет Байтұрсыновтан қалған мұраны ағылшын тіліне аударғым келеді дейді. Ол үшін тілді жетік меңгеруді көздейді. Болашақта ұлт ұстазының жолын қуып, педагог болуды армандайды.
Естеріңізге сала кетейік, жақында университет пен Қостанай қаласының №28 мектеп-гимназиясы өзара бірлескен іс-шаралар өткізу үшін ынтымақтастық меморандумға қол қойға болатын. Келісім аясындағы шаралар әлі де жалғасын таппақ.