Биыл Ұлт ұстазы, ағартушы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді. Алаш ардақтысы, реформатор ғалымның елді ағарту жұмыстарындағы рөлі, тіл мен әдебиет ғылымдарының негізін салудағы зор еңбегі дәріптеледі. Алаш баласының сауатын ашып, елімізді өркениетті мемлекеттердің қатарына қосуды мақсат тұтқан Ахмет Байтұрсынұлының есімі тарих беттерінде мәңгі сақталып қалмақ. Ұлт ұстазын жас ұрпаққа жан-жақты таныту мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Ахаң атындағы қара шаңырақ, Қостанай өңірлік университеті де ақынның 150 жылдығына арналған түрлі шаралар өткізуде. Осы мақсатта универсиет пен Қостанай қаласының №28 мектеп-гимназиясы өзара бірлескен іс-шаралар өткізу үшін ынтымақтастық меморандумға қол қойды.
Бірлескен іс-шаралар аясында мектеп оқушылары ҚӨУ-де орналасқан А.Байтұрсынов мұражайымен танысады, танымдық сабақтар ұйымдастырылады. Оқу ордасының профессорлары мектеп оқулықтарында жазылмаған тың деректермен, өздерінің зерттеу нәтижелерімен таныстырады.
Жуырда №28 мектеп-гимназиясында өткен дөңгелек үстелге ҚӨУ-нің беделді профессорлары Серікбай Оспанов, Қалқаман Жақып қатысып, Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тарихында алатын орны, Орынбордағы оқуы, еңбегі туралы баяндап берді.