Төтенше жағдайында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру

Читать: 2 мин

Білім министрі Асхат Аймағамбетовтің қатысуымен өткен аппараттық кеңес барысында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры Алма Дощанова «Пандемия жағдайында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру туралы» баяндама жасады.

Бүгінгі таңда университет талапкерлермен жұмыс жасау үшін бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Осылайша екінші жыл қатарынан Жастар жылы аясында іске қосылған «Ректор гранты» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Біріншіден, бұл үш жақты мемлекет-университет-іскерлік ынтымақтастық тұжырымдамасының жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді. Ол үшін Қостанай облысының барлық қалалары мен аудандарының әкімдерімен мақсатты оқыту туралы меморандумдар жасалды.

«Әкімдіктер мектеп бітірушілерді кадрлық қажеттілікке сәйкес университетте білім алуға кәсіби іріктеу жүргізу арқылы жібереді және тәжірибеден өтудің барлық түрлерін ұсынады, сонымен қатар жұмысқа орналасуға кепілдік береді.

Университет сапалы білім мен жатақханада тегін тұру мүмкіндігін береді.

Бизнес кәсіпорындардағы тәжірибе орындарымен қатар, шәкіртақы беруде қолдау көрсетуде»,-дейді университет ректоры Алма Дощанова. Жобаның арқасында биыл бірінші курсты 36 студент аяқтайды және бұл жұмыс осы және келесі жылдары да жалғасады.

Төтенше жағдайдағы жұмысты ұйымдастыру үшін университет «Талапкер-2020» ақпараттық жүйесін жасады. Соның арқасында талапкер бірнеше қиын емес кезеңдерден өтіп, өзінің бейімділігін анықтайды, соған сәйкес білім беру бағдарламалары туралы біледі және үйден шықпай құжаттарды тапсыруға мүмкіндік алады. Аталмыш жүйеге оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысуға мүмкіндік беретін университеттің 3D-туры енгізілді.

Әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс атқарылуда.

Әр бейсенбі сайын университеттің Instagram және Facebook парақшаларында ауқымы бойынша 1000 адамды қамтитын онлайн режимдегі ашық есік күндері, брифингтер өткізіліп тұрады. Олардың әрқайсысында оқу ордасы жайында ақпарат беріліп, екі-үш білім беру бағдарламасы, әскери кафедра, смарт-орталық, жастар ісі жөніндегі комитет сияқты университеттің әртүрлі құрылымдарымен таныстырамыз. Әр кездесудің маңызды бөлімі - сұрақтарға жауаптар.

 

КГУ