ҚМУ студенттерімен тікелей эфир

Читать: 2 мин

Бүгін, 14 мамырда, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ студенттерімен дәстүрлі тікелей эфир өтті. Бұл байланыс форматы университеттің студенттері, сондай-ақ олардың ата-аналары мен мектеп түлектері арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Әлеуметтік-экономикалық жұмыстар жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Нұрлан Мамиев және әскери кафедраның бас маманы, запастағы полковник Андрей Зимоглядов студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Көбіне сауалдар аудандар мен ауылдарда тұратын студенттер түсті. Оларды сессия уақытында жатақханада тұруға болады ма деген мәселе қызықтырды. «Ол үшін электронды форматта тиісті өтінішті беру немесе оны дәстүрлі форматта жазып, бас ғимараттағы кеңсеге жеке тапсыру жеткілікті»,-деп түсіндірді Нұрлан Мамиев.

Естеріңізге сала кетейік, 16 наурыздан бастап университет толығымен қашықтықтан оқыту жүйесіне көшкен болатын. Жатақханада тұратын барлық студенттер үйді-үйлеріне кетті. Көбісі карантин уақыты ұзамайды деген оймен кейбір заттарын қалдырып кетіпті. Енді сол заттарын, киім-кешектерін қалай алып кетуге болады деген сұраққа жауап алды. Нұрлан Бекентайұлы түсіндіргендей, барлық жатақханалар тәулік бойы күзетте. Жеке заттарды кезекшімен бірге барып күндізгі уақытта алуға болады. Бірақ карантин режимін сақтау керек: маска мен қолғап кию керек. Сонымен қатар ол студенттер жатақханада тұрмаған кезеңді бухгалтерия қайта есептейтінін және өтініш берушінің өтініші бойынша қаражатты басқа мақсаттарға, мәселен оқу ақысына аударуға болатындығын хабарлады.

Әскери кафедраның жұмысына байланысты да көптеген сұрақтар келіп түсті. Студенттерді толғандыратын басты сұрақ – биыл кафедраға қабылдау қалай өтетіндігі және қыз балаларды қабылдайды ма деген сауалдар.

Полковник Андрей Зимоглядов жағдайға түсініктеме берді: «Коронавирустың таралуын болдырмау бойынша елде профилактикалық шаралардың жүзеге асырылуына байланысты, өтініш берушілерді қабылдау мерзімі 2020 жылдың 1 қыркүйегінен 30 қыркүйегіне дейін белгіленді. Қабылдау комиссиясының жұмысы 2020 жылдың 1-нен 30-шы қазанына дейін ұзартылды және студенттерге өз өңірлерінде медициналық тексеруден өтуге болады». Ал әскери кафедраға қабылдау қараша айында өтеді. Қыздарды қабылдау туралы шешім қыркүйек айында ғана белгілі болады, ақпарат университеттің сайтында орналастырылады.

Кездесу нәтижелі өтті, келіп түскен сұрақтардың барлығына дерлік жауап берілді. Айта кету керек, мұндай онлайн-кездесулер университет ректоры Алма Дощанованың бастамасымен өткізіліп келеді. Студенттер, ата-аналар мен оқытушылар ректордың жеке поштасына және блогына сұрақтарын жібере алады.

ҚМУ студенттерімен келесі тікелей эфир келесі бейсенбі, 21 мамырда өтеді.

КГУ